Баспасөз орталығы

Үздіктерден тәлім алу. «Цифрлық жаз» бағдарламасы дағдыларды дамытады

Жаңалықтар 20 Августа 2021
Үздіктерден тәлім алу. «Цифрлық жаз» бағдарламасы дағдыларды дамытады

Жасанды сана, Big Data, бұлтты технология және көпшілік алдында сөз сөйлеу – «Самұрық-Қазына» қоры ұйымдастырған «Цифрлық жаз» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өтушілер осындай қызықты білім салаларына бойлай алады.

«Цифрлық жаз» - бұл отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының бакалавриаттың үшінші-төртінші курстарының және магистратураның бірінші-екінші курстарының қазақстандық студенттеріне арналған Қордың қоржындық компанияларындағы үш айлық жазғы тағылымдама.

Тағылымдамаға IT және HR бағыттағы, қаржыгерлер, экономистер, журналистер мен техникалық сияқты түрлі мамандықтардың өкілдері қабылданады.

2021 жылы бағдарлама Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «KEGOC», «Эйр Астана», «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «QazCloud» ЖШС-да тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

«Цифрлық жаз» қатысушылары тағылымдамадан өтетін компанияның өзінде ғана білім алмайды. Олар үшін өзекті және нарықта талап етілетін дағдылар бойынша өз салаларындағы үздік мамандардан жеке тренингтер ұйымдастырылады.

Олар аптасына екі рет онлайн сипатта жасанды сана, Big Data, киберқауіпсіздік, әртүрлі бағдарламалау тілдері тренингтерінде IT саласындағы базалық құралдармен танысады, cондай-ақ «Ок, бумер. Болашақ ІТ, XXX келбеті» сынды сала трендтері әңгімеленетін сабақтарға ден қояды.

Машықтанушылар меңгеретін дағдылар қоржынына міндетті түрде жұмысты ұйымдастырудың заманауи әдістері — Kanban, Scrum жүйелері, сондай-ақ жобаларды басқару құралдары қосылады. Әрине, тиімді қарым-қатынас және көпшілік алдында сөйлеу сияқты «жұмсақ» дағдылар да назардан тыс қалмайды. IT саласындағы бизнесті кеңінен түсіну үшін тыңдаушыларға ақпараттық технологиялар және телекоммуникация саласындағы инвестициялар бойынша курстан өту ұсынылады.

Тыңдаушылар барлық тренингке белсенді қатысады, өйткені оқу барысы тәжірибелік білімді де қамтиды.

«KEGOC» компаниясында тағылымдамадан өтіп жатқан «Цифрлық жаз» бағдарламасының қатысушысы Әйгерім Қоңырова қазірдің өзінде сабақтарда алынған ақпаратты жұмыста қолдануда.

«Біздің оқу тақырыбымыз өзекті. Жаттықтырушылар өз материалдарын жақсы біледі, сондықтан сабақтар қызықты өтеді. Ұйымдастырушылар бір айға кесте жібереді, бұл уақытты алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Мен ештеңені қалт жібермеуге тырысамын. Мен үшін ең пайдалысы көп тәжірибе мен интерактивтен тұратын Microsoft Power BI бағытына арналған тренинг болды», - дейді ол.

«Цифрлық жаз» тағылымдамашыларын оқыту бағдарламаларының оқытушылары - Microsoft, KPMG, Deloitte, Самұрық-Қазына, Қазақтелеком және басқа да ірі әлемдік және қазақстандық компаниялардың өкілдері болып табылатын, шашасына шаң жұқтырмас кәсіпқойлар.

Ұйымдастырушылар сарапшыларды тағылымдамадан өтушілердің қажеттіліктеріне қарай мұқият таңдайды.

Жастарға жұмысты ұйымдастыру әдістері туралы тарқататын бизнес-тренер Абылай Айкеев «Цифрлық жаз» бағдарламасына қатысушылардың басты ерекшелігі – олардың жоғары ынтасы мен пәннің күрделілігіне қарамастан, жаңа нәрселерді үйренуге дайындық деп санайды:

«Тағылымдамадан өтушілер жаңа құралдар мен технологияларды үйренуден қорықпайды. Олар әрдайым сабаққа 100% қатысады — көздерінде шынайы қызығушылық пен білімге деген құштарлық көрініп тұрады. Оқу процесінде мұдан маңызды ештеңе жоқ. Мен әрдайым оқушылардың сабақ бағдарламасы туралы пікіріне құлақ түремін. Осы орайда айта кету керек, мен ересектер мен тәжірибелі тыңдаушыларға үйрететін тақырыптар студенттерге де сондай қызықты. Демек, олардың дайындық және меңгеру деңгейі жоғары».

Қазір балалар жазғы бағдарламаның көп бөлігін өтті, бірақ алда әлі де көптеген қызықты сабақтар бар. Бағдарламаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. 2021 жылы жобаға қатысуға 5 868 студент өтінім беріп, олардың ішінен 45 үздік студент іріктелді. Бағдарламаға келесі іріктеу 2022 жылдың ақпан айында жоспарланғанын атап өткен абзал.