Тартысты талас, ұйқысыз түндер және компанияларға нақты қол ұшын созу талпынысы. «Самұрық-Қазына» қорының тобында «Цифрлық жаз» бағдарламасына қатысушылар арасында «SummerHack 2021» хакатоны аяқталды.
Тәжірибелік дағдылар, даму, қарқынды оқыту, мүмкіндіктер мен келешек көкжиегі – тағылымдамадан өтушілер бағдарламаны осылай сипаттайды. Жаз бойы олар «Самұрық-Қазына» тобының компанияларында тағылымдамадан өтіп, енді міне, соңғы кезең – қызықты да күрделі үшкүндік Хакатонды сәтті аяқтады.
Хакатон - бұл челлендж, өзін тану және жайлылық аймағынан шығу мүмкіндігі. Көптеген қатысушылар үшін мұндай тәжірибе өмірде бірінші рет болды. Мысалы «KEGOC» компаниясында «маркетинг» бағыты бойынша тағылымдамадан өткен Айдана Байжомартова былай дейді:
«Қазақ ұлттық өнер университетінде оқимын. Осы орайда «Цифрлық жаз» бағдарламасы мен Хакатонның өзі мен үшін өмірдегі ерекше кезең болды. Жаңа нәрсені игеру және бейтаныс жағдайларда әрекет ету - бұл бүгінгі таңның талабы. Әр адам тың сын-тегеуріндерді қабылдай отырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады. Ең бастысы, тәлімгерім айтқандай, бұл жасампаздық, еңбексүйгіштік және іске жауапкершілікпен қарау».
Осы жылы «SummerHack 2021» сайысына 8 командадан 42 тағылымдамадан өтуші қатысып, оларға әрқайсысына 2 командадан 4 кейс үшін өз шешімдерін ұсынуға тура келді. Қатысушылар - жас деректерді әзірлеушілер мен талдаушылар, экономистер мен журналистер, техникалық және өндірістік мамандықтардың өкілдері. Олар үш күн және түн бойы тәлімгерлердің қолдауымен Қор компанияларының міндеттерін еңсеруге тырысты.
«Бағдарламаға қатысушылар – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар. Іріктеу бірнеше мың үміткер арасында өткізілді. «Цифрлық жаз» бағдарламасының арқасында жастар қоржындық компаниялардың жұмысымен танысып, болашақта бұл ұйымдарды жұмыс беруші ретінде таңдау ықтималдығын байыптады. Өткен хакатонда барлық қатысушы өздерінің озық ойын, білімі мен техникалық дағдыларын көрсетті. Кейстер қызықты және ынталандыратын қырларыман дараланды. Біз бұл жастармен танысып, өздерін қалай танытқанына куә болғанымызды мақтан тұтамыз», – деді қазылар алқасының мүшесі - Хакатонды дәстүрлі түрде ұйымдастырушы «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің директоры Ақмарал Қадырбаева.
Жүлделі орындарды беру туралы шешімді құрамына Қордың, топ компанияларының өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшы кірген қазылар алқасы қабылдады.
«Қазпошта» АҚ тапсырмасында қатысушылар компанияның маркетплейсі үшін виджет құруға тиіс болды. Жеңімпаз идеяны «Saqtau» командасы ұсынды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тапсырмасында «3х2» командасы «Жұмыс орындары нарығындағы трендтер» кейсі арқылы жеңіске жетті.
Үшінші жеңімпаз «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ үшін «Пойыз белгілерін бекіту» кейсінде өз бастамасын ұсынған «Tez-Tez» командасы атанды.
Сондай-ақ өз тобында «Самұрық-Энерго» АҚ «Ауа сапасын талдау» кейсінде жеңіске жеткен «Ауа сақшылары» командасының қатысушылары алға озды.
«Мен барлық ұйымдастырушыларға өзімізді көрсетуге, басқа қатысушылардың тапсырмаларды қалай орындайтынын көруге, командада жұмыс істеуге және нағыз өндірістік міндеттермен танысуға берілген тамаша мүмкіндік үшін алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ өз командама және біздің керемет тәлімгерге алғыс айтамын. «Самұрық-Энерго» АҚ тарапынан өзекті кейсті нақты шешу үшін бар күш-жігерімізді қуана салдық», - деп бөлісті «Best» командасының үздік ойыншысы Беназир Төлеубекова.
Жастар алдында қазылар алқасының төрағасы, «QazCloud» ЖШС цифрлық трансформация департаменті директорының міндетін атқарушы Алексей Анисимов сөз сөйледі:
«Кейстердің бірі экология мәселесіне қатысты болды. Осылайша жастардың назары маңызды салаға бағытталғанына қуаныштымын. Қатысушылар қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмайды және маңызы зор әлеуметтік мәселелерді шешуде цифрлық құралдарды одан әрі ықпалдастырады деп үміттенемін. Атап өтер жайт, технологиялар тез өзгеріп, ескіреді. Ал Хакатонға қатысқан барлық жастар – инновациялық жетістіктерді қамтамасыз ететін болашақ мамандар. Сіздер – Қазақстанның цифрлық болашағысыздар».
Естеріңізге сала кетейік, «Цифрлық жаз» - отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының бакалавриаттың үшінші-төртінші курстарының және магистратураның бірінші-екінші курстарының қазақстандық студенттеріне арналған тағылымдама. Бағдарлама 2018 жылы жас мамандарды Қор компаниялары тобындағы цифрландыру және трансформациялау жобаларына тарту үшін іске қосылып, студенттер арасында кеңінен танымал болып келеді: 2018 жылы қатысуға 500 өтінім, ал 2021 жылы 5 800-ден астам өтінім берілді. Жобаны іске асыру кезінде бағдарламаның 59 түлегіне Қор тобының компанияларынан жұмысқа тұру туралы ұсыныс түсті.