РТЖ және «Самұрық-Қазына»: корпоративтік оқудағы ынтымақтастықты дамыту

Топ-менеджерлерді оқыту, корпоративті MBA және даму бағдарламалары. Ресей темір жолдары мен «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеттері қандай бағыттарда ынтымақтастық орната алмақ? Қандай идеялар алмасуы мүмкін? Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің директоры Бексұлтан Бекмұратов Ресей темір жолдары Корпоративтік университетінің директоры Роман Баскинмен кездесу қорытындысы бойынша берген сұхбатында айтты.

Ресей темір жолдары университеті сізге қалай әсер етті? Бәрінен бұрын не есте қалды, ұнады?

Ең алдымен ұйымның өзінде корпоративтік мәдениет, қызметкерлердің ынтасы, университет басшыларының бастамашылдығы қуантты. Алған әсерім өте жағымды. Университеттің нақты бағыты бар - Ресей темір жолдарының 1 миллионға жуық қызметкерінің арасынан күш-жігер 70 мың басшыға бағытталған. Оқу үш деңгейге бөлінген, олардың әрқайсысы белгілі бір кәсіби құзыреттер береді. Осы дағдыларды игермей, мансап пен дамудың келесі сатысына өту мүмкін емес.

Сондай-ақ, Ресей темір жолдары Университетінің еуропалық және ресейлік бизнес мектептерімен бірлесе отырып, өздерінің корпоративті MBA бағдарламасын құрғаны назар аудартты. Бұл бізге де жасау керек үлкен қадам.

Сонымен қатар, есте қалғаны, фасилитациялар мен стратегиялық сессияларды, брейнштормингтерді ұйымдастыруға жауапты жеке бағытты атап өтуге болады. Әріптестер оқытудың бұл түрі ең жемісті нәтиже беретінін атап өтті.

«Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті қазір жұмысты ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін іздеуде. Ресей темір жолдары Университетінің қандай тәжірибесін қабылдағыңыз келеді?

Жоғарыда айтқанымдай, бізді корпоративтік MBA ұйымдастыру тәжірибесі және басшылар үшін міндетті біліктілік деңгейін арттыруды енгізу қызықтырады.

Сонымен қатар, біз кадрлар резервімен жұмыс істеу ерекшеліктерін зерттеп, Ресей темір жолдарының Корпоративтік университеті халықаралық танылу тұрғысынан өз брендін қалай құратындығы туралы көбірек білгіміз келеді.

Неліктен Мәскеудегі бағдарламаны ойластырған кезде, оған Ресей темір жолдары Университетіне баруды қосуды ұйғардыңыздар?

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында осыған ұқсас актив – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бар, ол Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші болып табылады және де қарқынды дамуда, қызметтер көлемі мен сапасын арттыруда, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде. Біздің Университет осы қазақстандық компанияның қызметкерлері мен басшылығын оқытады. Сондықтан бізге Ресей темір жолдары университетінің жаңа әдістері мен тәсілдері қызықты.

Ресей темір жолдарының Корпоративтік университетіне ат шалдырғанымыздың тағы бір маңызды себебі - университет біздің саладағы ең беделді халықаралық марапаттардың бірі – Global CCU Awards 2021 Дүниежүзілік корпоративтік университеттер кеңесінің жоғары сыйлығын алды. Сәйкесінше, біз, бұл жеңіске жетуге қанша күш жұмсалғанын, осы мақсатқа жету үшін нені еңсеруіміз қажет екенін байыптауға құмарттық.

«Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеттері мен Ресей темір жолдарының одан арғы ынтымақтастығын қалай көресіз?

Біз жылдар бойы жинақталған тәжірибені ресейлік әріптестермен бөлісіп, олардан да пайдалы дүниелерді ойға түюге ниеттіміз. Әсіресе, Ресей темір жолдарының ең инновациялық тәсілдерін біздің ұлттық темір жол операторымыздың жұмысына қалай біріктіруге болатынын және керісінше, ҚТЖ әзірлемелерін Ресей темір жолдарының жұмысына қалай енгізуге болатынын талқылау қызықты.

Сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, оларды Ресейде, Қазақстанда немесе онлайн жүзеге асыруға болады. Бұдан басқа, біздің мамандарымызды Ресей темір жолдарына және керісінше тағылымдамаға жіберу мүмкіндігін қарастыруға болады.

Ынтымақтастық жолдары өте көп. Екі жаққа да бірдей қызықты болатын байланыс нүктелерін табатынымызға сенімдімін.

 

Спасибо за заявку
Ожидайте нашего звонка.