Баспасөз орталығы

Жарақаттану және экологияға зиянды мүлдем болдыртпау

Жаңалықтар 13 Декабря 2021
Жарақаттану және экологияға зиянды мүлдем болдыртпау

Мәскеудегі HSE DAYS кезінде «Самұрық-Қазына» өкілдері не талқылады

Мәскеуде қауіпсіз, экологиялық таза және тиімді өндіріске арналған HSE DAYS халықаралық форумы өтті. Қазақстандық делегация құрамына офлайн және онлайн сипатта «Самұрық-Қазына» АҚ тобының 9 компаниясының, сондай-ақ қор тобына енбейтін Қазақстанның 4 ірі өндірістік компаниясының өкілдері кірді.

Жалпы, форумға Ресей мен Қазақстанның 100-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорындары HSE саласының 200-ден астам басшылары мен көшбасшылары офлайн түрде қатысты, 150-ден астам қатысушы шараға онлайн түрде қосылды.   

Баяндама мен талқылау тақырыптары мамандандырылған және өте тәжірибелік, артық сөздер мен теориясыз болды. HSE саласындағы көшбасшы компаниялардың атынан 30-дан астам спикер өз тәжірибелерімен бөлісіп, олардың ішінде НЛМК, Металлоинвест, Газпромнефть, Shell, Total және басқалар бой көрсетті.

Сондай-ақ, шара аясында 18 шеберлік сағаты өтті, олардың барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, қауіпсіздік саласындағы жаңа тәжірибелермен бөлісіп қана қоймай, тұлғааралық байланыстарды жолға қойып, ынтымақтастық көкжиегін айқындады.

Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» қорының тобы Қазақстанның 295-тен астам жетекші компаниясын біріктіреді, олардың басым бөлігі өндірістік болып табылады. Қор қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері Холдинг пен оның портфельдік компаниялары үшін әрқашан басым болып келгенін және болып қала беретінін атап көрсетеді. Жаңа әзірлемелер, заманауи құралдар, ақпараттық технологиялар және көпжылдық сараптама, ең бастысы, жанашырлық – топ қызметкерлерінің ғана емес, барлық ел азаматының қауіпсіздігінің негізі болып табылады.

Форумда қор тобынан «Самұрық-Қазына» АҚ, «KEGOK» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті болып, онлайн сипатта «Самұрық-Энерго» ҰК» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ компанияларының қауіпсіздік, экология және еңбекті қорғау қызметтерінің басшылары қатысты.

«Жетекші ресейлік және халықаралық компаниялар спикерлерінің сөзінен кейін менде «Қазатомөнеркәсіп» дұрыс бағытта келе жатыр деген пікір қалыптасты. Біздің компанияда өндірістік қауіпсіздік саласындағы әлемдік көшбасшылардың қолданысында тұрған барлық проактивті құралдар пайдаланылады. Мен бұл деректі көпшілік алдында талқылау кезінде де, әріптестеріммен жеке әңгімелесу кезінде де растадым», - деп бөлісті «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндірістік қауіпсіздік департаментінің бас сарапшысы Ербол Елекеев.

Сарапшының айтуынша, Қор тобының компаниялары, корпоративтік мәдениетінде өндірістік қауіпсіздік мәселелері әрқашан бірінші орында тұрғандықтан, форумға міндетті түрде ат шалдырған:

- Адам өмірі мен денсаулығынан кейін қарасақ, қоршаған ортаны қорғаудан артық ештеңе жоқ. Сондықтан бұл форум – тәжірибемен бөлісу, жаңа білім алу және оны өз жұмысында пайдалану мүмкіндігі, - деп қосты ол.

Өз әсерімен «Самұрық-Қазына» АҚ HSE секторының басшысы Хасан Қуаныш та бөлісті:

- Шара өте мазмұнды өтті, спикерлер өз салаларында құзыретті болғандықтан, HSE саласындағы өзекті тақырыптарды көтерді. Мен қазір қызметкерлердің қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және жалпы жарақаттанудың, шығарындылардың, техногендік апаттардың нөлдік көрсеткіштеріне ұмтылу мәселелері өте маңызды деп санаймын. Форумның талқылаулары мен пікірталастарында дәл осындай бағыттар көтерілді. Біздің топтың компаниялары әлемдік сарапшылардың үздік кеңестері мен тәжірибелерін назарға алады деп ойлаймын. Шараның үшінші күні туралы да айтып өткім келеді. Біз портфельдік компаниялармен бірге жиналып,  жұмысымыздағы маңызды мәселелерді талқыладық. Коммуникацияны жолға қою және ортақ мақсатқа қол жеткізудегі пайымымызды үндестіру өте маңызды. Қауіпсіздік мәдениетін басқару мәселелерінде ашықтық, тәжірибе және үздік тәжірибемен алмасу маңызды рөл атқарады. «Самұрық-Қазына» АҚ тобының HSE Days форумына қатысу қорытындысы бойынша компанияларға қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мәселелерінде диалогты дамытуға және деңгейін арттыруға, сондай-ақ осындай шараларды өткізуге және республикада осындай алаңдарды құруға мүмкіндік беретін халықаралық байланыстар орнатылды, - деп атап өтті спикер.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, HSE DAYS бұл, бірінші кезекте, ақпаратпен тиімді алмасуды ұйымдастыру, еңбек қауіпсіздігін басқару жүйесін дамыту мен жетілдіруге жәрдемдесу және де ТМД нарығының жетекші ойыншылары арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында HSE саласындағы кәсіпқойларды біріктіретін ашық алаң.

HSE DAYS жобасының амбассадоры Серік Мәжкенов форумның барлық кәсіпқойлар мен кәсіпорын басшылары үшін маңызды қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ортақ проблемаларын ашық және адал талқылауға мүмкіндік беретін жылы достық атмосферамен ерекшеленетінін атап өтті. 

 - Осы бағытқа жауапты басшыларда адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершілік жатыр. Сонымен қатар, қазір сарапшылар заңнама талаптарын орындауға ғана емес, сонымен қатар жұмысқа шығармашылық тұрғыдан қарауға тырысады – қауіпсіздік мәдениетін жетілдіреді, HSE жаңа тәсілдері мен тәжірибелерін дамытады. Қазақстандық делегацияның HSE DAYS форумына қатысуын бірлесіп ұйымдастырған «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті мен «EVERYCO» компаниясының үлесін атап өткім келеді,-деді Серік Мәжкенов.