Баспасөз орталығы

Қауіпсіздік мәдениетін дамытуға кедергі келтіретін 3 жайт

Жаңалықтар 06 Мая 2022
Қауіпсіздік мәдениетін дамытуға кедергі келтіретін 3 жайт

Көптеген жадынамалар, оқулар, жаттығулар, қауіпсіз жерге көшіру шаралары және қауіпсіздік ережелерін жадыға жаттатуға ұмтылу – бұл ірі компанияларда жиі кездесетін тәжірибе. Бірақ, өкінішке қарай, қауіпсіздік ережелерін сақтауға үстірт қарауды болдырмау үнемі мүмкін бола бермейді.

Қызметкерлердің өз қауіпсіздігіне салмақты қарауына қандай қасаң қағидалар кедергі келтіреді? Компаниялар санада сірескен қандай салғырттықтпен жұмыс істеуі керек? Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің басшысы Анар Жұмашева KIOSH 2022 - еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 10-шы мерейтойлық қазақстандық халықаралық көрмесінде айтып береді. Біздің мақаламызға ілгек ретінде ол қауіпсіздік мәдениетін дамытуға кедергі келтіретін, ең көп таралған үш көзқарасты атап өтті.

  1. Басшы шын көшбасшы болуы керек немесе жауапкершілік ортақ

Қауіпсіздік туралы сауалнамаларда қызықты статистика байқалады. Егер сіз елдегі кез-келген компанияның қызметкерлерінен қауіпсіздікке кім жауапты екендігі туралы сұрасаңыз, онда жауаптар әрдайым басшыға келіп тіреледі. Немесе сирек жағдайларда - қауіпсіздік инженері немесе HR басшылары. Әрине, ең ақылға қонымды жауап – барлығы жауапты.

Әрбір адам өзінің және әріптестерінің қауіпсіздігі үшін жауапты болуы тиіс.

Жоғары жақты құрметтеу мүлтіксіз және барлық жерде орнаған қоғамда барлық мәселе үшін жауапкершілік көшбасшының мойнына артылады. Әлемдік трендтер болса, мынаны байқатады: компанияда көшбасшы, белсенді және бастамашыл қызметкерлер неғұрлым көп болса, соғұрлым ол қауіпсіз болады.

Іс жүзінде бұл адамдар қауіпсіздікті құру процестеріне белсене араласуы және бұл үшін «таяқ жемеуі» керек дегенді білдіреді. Ал «араласпа», «өз орныңды біл», «шағымданба», «басшылық жақсырақ біледі» сияқты үзілді-кесілді тыйымдар еңбеккерлердің бетін қайтарып, құлықсыздық танытуына әкеп соғады. Еңбек адамы сапасыз жабдықтар, қорғаныс құралдары, қауіпсіздік ережелерін сақтамау және құқықтарының еленбеуі туралы ашық, тайсалмай айта алғаны жөн.

2.      «Мен жауап беретін жер емес»

Екінші мәселе де біріншісімен тығыз байланысты. Бастама көтерген адам басылып-жаншылып, өкінетін күй кешсе, онда бәрі мәселеден өзін барған сайын аулақ ұстап, «өлетін», яғни жауап беретін тұсын әрі аспайтындай белгілеп тастайды. Бұл дегеніңіз «сен тимесең, мен тиме» ұстанымымен бұйығы, тыныш өмір сүруді әдетке айналдыру.

Бір қызығы, мұндай қарым-қатынас қазақстандық еңбек заңнамасының бұрмалануын байқатуда. Біз Еңбек кодексінде жұмыс берушінің және еңбек қорғау және қауіпсіздік мамандарының міндеттерін егжей-тегжейлі сипаттап, оларға қойылатын көптеген талаптарды тізбектеуге дағдыланғанбыз. Алайда қызметкерлердің біразы талаптардың оларға да қатысты екенін түсінгісі келмейді – жұмыс орнындағы қауіпсіздік ережелерін білу және ең бастысы сақтау қажет.

Қарапайым мысал. Жұмыс беруші қауіпсіздік бойынша нұсқама беруге міндетті, бірақ оны жүргізбейді. Себептер әртүрлі болуы мүмкін, соның ішінде қарапайым адам факторы бар – сырқаттанып қалу, іссапар және тағы басқа. Қауіпсіздік мәдениеті жоғары компанияда қызметкерлер өздері нұсқау беруді талап етеді, ал төмен деңгейде олар бос уақытқа қуанып, ал тексеру келсе жұмыс берушіні айыптап шығады.

3.      «Барлық қауіп-қатер өндіріс басында»

Біз қауіпсіздік туралы айтқанда, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына күнделікті қауіп төндіретін ірі өндіріс орындары еске түседі. Алайда, тағы бір қызық құбылыс туралы ой өрбіте кетсек.

Ірі компанияларда шахталардың опырылуы, құлауы немесе жарылуы, құрылыс алаңдарында адамдар биіктіктен құлап, қызметкерлер күрделі жабдықты пайдалану кезінде қайтыс болып жататыны жайлы жаңалықтарды жиі еститінімізге қарамастан, іс жүзінде адамдар қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың әлдеқайда қарапайым жағдайларының құрбаны болатыны  таңсық емес.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын өндірісте 200 адам көз жұмады. Бұл ретте жолдардағы апаттарда – 2 000, ал су айдындарында демалу кезінде батудан 400-ге жуық дерек тіркеледі. Бұл сандар алаңдатпай қоймайды.

Тиісті жайттар қазақстандықтардың жалпы қауіпсіздік мәдениетінде әлі де білуі керек мәселелері бар екенін көрсетеді. Барлық деңгейдегі компаниялар бұл мәселемен кешенді түрде жұмыс істегені абзал. Өйткені кез-келген бизнестің табыстылығы адамдарға және олардың жұмыста да, күнделікті өмірде де, жолдарда да, демалыста да қандай ахуалды бастан кешетініне тікелей байланысты екені анық.

KIOSH 2022

Қызметкерлер мен жұмыс берушілердің осы және басқа да қызық та «біртүрлі», тосын да ойлантарлық түсініктері туралы Анар Жұмашева 25-27 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында 10 мерейтойлық рет өтетін Қазақстандағы еңбекті қорғау саласындағы ең ірі KIOSH 2022 шарасында сөйлейтін сөзінде толығырақ айтып береді.

Vision Zero тұжырымдамасының өндірістегі жарақаттануды төмендетуге бағытталған елшісі ретінде сарапшы қазақстандық компаниялардың осы саладағы жетістіктерімен бөліседі. Қазіргі уақытта тұжырымдамаға «Самұрық-Қазына» АҚ тобының «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазпошта» АҚ сынды компаниялары және өзге де 400-ден астам отандық ұйым қосылды.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында орнықты дамуға, әлеуметтік тұрақтылыққа және қауіпсіздік мәдениетін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. 2022 жыл топта Қауіпсіздік жылы деп жарияланды, бұл, әрине, компаниялардың алдында тұрған басымдықтарды аңғартады. «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті адами капиталды дамыту саласында топтың серіктесі болып табылады. Сондықтан біз еңбек қауіпсіздігі саласындағы басты трендтерді назарда ұстауды өзіміздің борышымыз деп санаймыз. Сондықтан KIOSH 2022 көрмесіне қатысу біз үшін өте маңызды», - деп атап өтті Анар.

«Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті сәйкес конференцияны өткізуді қолдайды. Себебі ол саланың үздік сарапшыларын жинайды және нарықтағы ірі ойыншыларға тәжірибесімен және соңғы жаңалықтарымен бөлісуге жол ашады.