Спикерлер арасында қазақстандық мамандардан басқа Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ), Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ), Vision Zero басқарушы комитетінің және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі. Сонымен қатар, әлемнің жетекші өндірістік компанияларының өкілдері өздерінің үздік тәжірибелерімен бөлісті. Барлығы еңбекті қорғау саласында жұмыс істейтін 40 ел мен ұйымнан 1 500-ден астам делегат және 100 спикер қатысты.
Шараны ORP (Occupational Risk Prevention) - халықаралық кәсіби тәуекелдерді алдын алу қоры және ХӘҚҚ - Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы ұйымдастырды. Ұйымдар қауіпсіз еңбек құндылықтарын, нөлдік жарақаттануды және тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету үшін қоғамдық шаралар, тренингтер мен зерттеулер жүргізумен танылған.
Форумға Қазақстаннан сарапшылар барды. Мамандар соңғы жылдары өндіріс қызметкерлерінің мүдделерін қорғау және еңбек жағдайларын жақсарту саласында еліміз көрсеткен үлкен прогреске байланысты шақырылды. Әсіресе, еліміздің «Vision Zero» әлемдік тұжырымдамасына қосылуы қазақстандық сала үшін маңызды оқиға болды. Тұжырымдама нөлдік жарақатқа қол жеткізуге бағытталған және үш бағытты біріктіреді: қауіпсіздік, еңбек гигиенасы және қызметкерлердің амандығы. Бұл тұжырымдаманың негізгі идеясы – қатерлерге жол бермеудің белсенді мәдениетін қалыптастырудың арқасында өндірістегі жазатайым оқиғаларды азайтуға ғана емес, сонымен бірге алдын алуға да болады.
«Шараға ТМД мемлекеттерінен қандай елдердің өкілдерін шақыру туралы мәселе туындаған кезде, біз бірден біздің тізімде бірінші болып Қазақстан болады деп шештік. Елдеріңіз ең қысқа мерзімде үлкен тарихи қадамдар жасады, бұл ең маңызды құндылықтарды - қызметкерлердің денсаулығы мен есендігін нығайтуға және ілгерілетуге мүмкіндік береді. Ортақ түпкі мақсатымыз - барлық өндіріс қызметкерлерінің үйлеріне аман-есен оралуы», - деп атап өтті Кәсіби тәуекелдерді болдырмау жөніндегі халықаралық қордың президенті Ханс-Хорст Конколевский.
Бұл үдерісте Қазақстандағы қауіпсіздік құндылықтарын ілгерілетуде еліміздің аса ірі өндірістік компанияларының басын біріктіруші болып табылатын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы ерекше рөл атқарды. 2022 жылы Қор «Vision Zero» тұжырымдамасының қатысушысы ретінде тіркелді. Мамыр айында «Самұрық-Қазына» АҚ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Кәсіби тәуекелдерді болдырмау жөніндегі халықаралық қор тарихи үшжақты меморандумға қол қойды.
«Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің ESG/HSE сарапшысы Виктор Поднебесный Қазақстанның ORP конгресінде халықаралық бастамаға қосылу процесі туралы айтып берді.
«Менің презентациям Қазақстанда «Vision Zero» тұжырымдамасы аясында 5Z ережелерін енгізу мәселелеріне арналды: неден бастадық, қайда тұрмыз. Тұжырымдама бес нөл ережелеріне негізделген: жазатайым оқиғалар, аурулар, ластану, қысым көрсету, білімсіздік. Бастапқы кезеңде тұрмыз, бірақ әлемдік бастамаларға белсенді қосылудамыз. Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің халықаралық ұйымдарының көшбасшыларымен кездестік. Осындай шаралар аясында біз саланың жетекші сарапшыларымен өз тәжірибемізбен бөлісеміз және адамдар өзара ой өрбітеді. Оның ішінде біз қазақстандық экономиканың драйвері ретінде осы бастамаларды бірінші болып игеріп, басқа отандық кәсіпорындарға үлгі көрсетіп отырған «Самұрық-Қазына»АҚ компаниялар тобының үлесі туралы айтып отырмыз», - деп атап өтті ол.
Оның әріптесі, тағы бір Корпоративтік университеттің ESG/HSE сарапшысы Асхат Сариев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тұрғысында HSE мобильді шешімдерін енгізу тақырыбында сөз сөйледі.
«Әлем көптеген сандық шешімдерді қажет ететін қиындықтарға тап болуда. Біз қызметкерлерге қауіпті іс-әрекеттердің алдын алуға, бюллетеньдер алуға, тексерулер, сауалнамалар жүргізуге, жедел желіні және басқа да көптеген функцияларды пайдалануға мүмкіндік беретін интеграцияланған мобильді қосымшалары бар веб-платформа туралы әңгімеледік. Қазіргі уақытта пайдаланушылар саны 100 мың адамды құрады, бұл барлық қызметкерлердің 98%-ын қамтиды. Айта кету керек, біздің жоба Қор тобындағы үздік цифрлық шешім атанып, сондай-ақ халықаралық темір жол одағының қатысушылары арасында екінші орын алды. Жобамыздың тұсаукесері конгреске қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды және онлайн кеңес алу үшін сұраныстар мен HSE цифрландыруды енгізу тәжірибесімен бөлісу туралы өтініштерге жолықты», - деп атап өтті сарапшы.
Конгреске қатысушылар ең жақсы қолданылатын тәжірибелермен алмасты, сондай-ақ негізгі салалық трендтерді айқындады. Әлемдік қоғамдастықпен ықпалдастыққа қарай үлкен қадамдармен ілгерілеп келе жатқан Қазақстанның тәжірибесін шараны ұйымдастырушылар да, оның әртүрлі елдерден келген қатысушылары да жоғары бағалады.