Баспасөз орталығы

Ынтымақтаса жұмыс істейміз! «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті мен «Болашақ» қауымдастығы меморандумға қол қойды

Жаңалықтар 28 Апреля 2021
Ынтымақтаса жұмыс істейміз! «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті мен «Болашақ» қауымдастығы меморандумға қол қойды

Халықаралық жоғары оқу орындарының қазақстандық түлектерін «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына қалай тартуға болады? Қор ұйымында жұмысқа орналасу қандай мүмкіндіктерге жол ашады? Қазақстандық жастардың шетелге кетіп қалуына жол бермеу үшін не істеу керек?

Осындай мәселелер тұрғысында оңтайлы шешім табу үшін «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті мен ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің қауымдастығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Самұрық-Қазына» қорының компаниялары өз салаларындағы алдыңғы қатарлы және ірі компаниялар болып табылады. Сондықтан біздің бағдарлама түлектеріне, әрине, осындай компаниялардың дамуына өз үлесін қосу, ондағы ұжымдарға қосылу және тәжірибе жинау әрқашан қызықты болғаны анық. Менің ойымша, біздің меморандум студенттерге жұмысқа орналасу, тағылымдама және Қор тобындағы басқа да даму мүмкіндіктері туралы ақпаратты тиімдірек және жедел жеткізуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесинова.

Кездесуге «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінің атынан компанияның атқарушы директоры Дәурен Беспалинов қатысты.

«Болашақ» стипендиясы 1993 жылдан бастап мыңдаған қазақстандықтарға әлемнің үздік университеттерінде жоғары біліктілік пен құзыретке ие болуға мүмкіндік бере отырып, елдің дамуына үлес қосып келеді. «Самұрық-Қазына» қоры бағдарлама түлектерін әрдайым қуана қабылдайтыны шүбәсіз. Өйткені олардың пайымдары мен білімі компанияларымыздың жұмысына жаңашылдық пен өзгеше көзқарас әкелуге мүмкіндік береді. Біз жемісті ынтымақтасып, бастамаларымызда бір-бірімізге көмектесе аламыз деп үміттенеміз», - деді ол.

Құжатқа бірінші кезекте «Болашақ» студенттері мен түлектерін жұмысқа орналастыру мақсатында, сондай-ақ қауымдастықтың әлеуметтік маңызы бар жобаларын қолдау үшін қол қойылды. Оның ішінде білім беру, қайырымдылық, бизнес және басқа да бағыттар бар.

Сондай-ақ, тараптар, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бос жұмыс орындары жөніндегі Qsamruk.kz (https://qsamruk.kz/) бірыңғай сайтының рекрутинг алаңының ізденушілері үшін ыңғайлылығын атап өтті.

Сонымен қатар, ұйым өкілдері, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне, «Болашақ» бағдарламасының қатысушылары мен түлектеріне, сондай-ақ ҚР барлық өңірлерінен келген студенттер мен оқушыларға арналған білім беру дәрістері мен ынталандыру семинарларына бірлесіп қатысуды жоспарлап отыр.

Бөлісу