Баспасөз орталығы

Дарындарды дамыту мен ынталандыру жолында

Жаңалықтар 28 Июня 2021
Дарындарды дамыту мен ынталандыру жолында

«Болашақ» бағдарламасының 500-ден астам шәкіртақы иегері мен түлегі «Самұрық-Қазына» тобының компанияларындағы бос орындар онлайн-жәрмеңкесіне қатысты.

Ірі ұлттық компанияларда жұмысты қалай табуға болады? «Самұрық-Қазына» қоры тобында қызметкерлерді іріктеу кезінде қандай талаптар қойылады? Бұл сұрақтарға «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының студенттері мен түлектері бос жұмыс орындары жәрмеңкесі барысында жауап алды.

Шара тікелей эфирде өтіп, оны 500-ден астам студент пен түлек тамашалады. Кездесуді ұйымдастырушылар – «Болашақ» стипендиаттар қауымдастығы мен «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті.

Жәрмеңкенің мақсаты - қазақстандықтарға елдегі жетекші жұмыс берушілермен танысуға және тағылымдама мен жұмысқа шақыру алуға мүмкіндік беру. Жұмыс берушілер, өз кезегінде, кадрлық резервін қалыптастыру үшін мамандармен сұхбаттаса алады.

«Бос орындар жәрмеңкесі - бұл бағдарлама стипендиаттары үшін қызықты бос жұмыс орындары туралы білуге және өздерін маман ретінде танытуға тамаша мүмкіндік. Көптеген студенттер мен түлектер әлі өз кәсібін таба алмады немесе Қазақстанға енді оралған және жұмыс іздеу үстінде. Осы себепті олар үшін мансаптық бағдар алу, еңбек нарығының қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін түсіну маңызды. Біз барлық студенттеріміздің өз әлеуетін іске асырып, еліміздің дамуына үлес қосуына мүдделіміз», —деп бөлісті «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі, «BolashakHR-club» президенті Томирис Мұсаева.

Ең алдымен шараға қатысушылар – «Самұрық-Қазына» қоры тобының 170 компаниясы бос жұмыс орындары туралы ақпаратты орналастыратын рекрутингтік онлайн-платформа – Samruk Qyzmet (https://qsamruk.kz/) жобасымен танысты. Жоба менеджері Әділхан Нағыманов платформада түйіндеме жасауға, түрлі талаптар бойынша бос жұмыс орындарын табуға, әңгімелесуден және тестілеуден онлайн өтуге, сондай-ақ рекрутерлерден міндетті түрде кері байланыс алуға болатынын айтты.

Сондай-ақ, «болашақтықтар» алдында қордың алты компаниясының өкілдері сөз сөйледі: «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, AirAstana, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ және «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС.

Қордың инвестициялық холдинг болу мақсаты, жекешелендіру бағдарламасы және экономикаға қосқан үлесі туралы шараға қатысушыларға «Самұрық-Қазына»АҚ Инвестициялар жөніндегі департаментінің директоры Сәкен Әбілмәжінов айтып берді. Спикер Қордың төрт стратегиялық бастамасының бірі жалпы экономикалық өсу, тиімді корпоративтік басқару, адами капиталды дамыту және тұрақты даму саласындағы түрлі бастамалар есебінен қол жеткізілетін корпоративтік басқаруды дамыту болып табылатынын атап өтті.

Замир Серіков, ҚТЖ Адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері:

- Кез-келген жас азамат үшін «Болашақ» бағдарламасында бақ сынау – зор мәртебе. Бағдарламадан өткен жастардың еңбек нарығындағы беделі  жоғары. Өз кезегінде, ҚТЖ мен оның еншілес құрылымдары елдегі ең ірі жұмыс беруші болып табылады, біз шамамен 113 000 қызметкерді біріктіреміз және «Болашақ» бағдарламасының түлектерін қатарымызда көруге әрқашан қуаныштымыз.

Көшбасшылық бағдарламалары, таланттарды дамыту, тренингтік академиялар, корпоративтік құндылықтар және әлеуметтік жауапкершілік туралы «AirAstana» әуе компаниясының қызметкерлерді іріктеу жөніндегі менеджері Ботагөз Төребаева хабарлады:

- Карантин кезінде бізде жұмысқа алу бойынша белгілі бір шектеулер болды, бірақ бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай жақсарған сайын бізде ашық сыртқы бос жұмыс орындарының белгілі бір үлесі бар. Егер жалпы шолсақ, бұл, әрине, IT саласындағы бос жұмыс орындары, өйткені біз қазір бизнес-процестерді автоматтандыру және цифрландыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз, бұл қаржылық және басқарушылық есеп, маркетинг, PR, HR және өндірістік сектор департаменттеріндегі орындар.

Қазатомөнеркәсіп Адами ресурстарын басқару департаменті дарындарды басқару бөлімінің бас сарапшысы Жәннат Қожагелдина, «Жас Өркен» дарынды жастарды дамыту бағдарламасын тарату аясында, уран саласында жас көшбасшыларды мансаптық өсу мүмкіндігімен бірге тәрбиелеуге мүмкіндік беретін «Izbasar» жобасы туралы ой өрбітіп, атом өнеркәсібінің әлемдік көшбасшысы қандай қызметкерлерге мұқтаж екендігі туралы жеткізді:

 - Біз ұзақ мерзімді қарым-қатынас құруға және бізбен бірге кәсіби дамуға бағдарланған жігерлі, жауапты және кәсіби қызметкерлерге мүдделіміз. Құндылықтарымызды бөлісуге дайын адамдарды іздейміз, шақырамыз және жалдаймыз, содан кейін олардың кәсіби дағдыларын жетілдіреміз.

«ҚМГ Инжиниринг» компаниясы персоналды басқару қызметінің сарапшысы Әсел Ділдабекова мекеменің құрылу тарихымен, кадр саясатымен және дәстүрімен бөлісті:

- Сөзсіз, біз өз қызметкерлерімізді және олардың компанияның дамуына қосатын үлесін бағалаймыз. Әрбір адам үшін барынша қолайлы жұмыс жағдайын жасауға тырысамыз. Біздің кадр саясатымызда адами ресурстарды дамыту және осы заманғы кадрлық технологияларды пайдалана отырып, ынталандыру жүйесін енгізу басты орынға ие.

«Тау-Кен Самұрық» персоналды басқару қызметінің басшысы Виталий Милюк еншілес компаниялардағы ағымдағы ашық бос жұмыс орындары мен даму мүмкіндіктері туралы әңгімеледі:

 - Мен қатысушылардың назарын «Тау-Кен Самұрық» тобындағы жұмыс орындарына аударғым келеді, олар тар ауқымдағы біліктілікті талап етеді: инжинер-байытушы, инжинер-құрылысшы, ҒЗТКЖ және ҒТК жөніндегі менеджер және басқалар. Біздегі барлық бос жұмыс орнын Samruk Qyzmet платформасынан таба аласыз. Онда өтініштеріңізді қалдырыңыз, біз әр үміткерді қарастырамыз және әрқашан кері байланыс жасаймыз. Өйткені біздің компаниялар тобына қызметкерлерді алудың негізгі қағидаларының бірі - ашықтық.

Кейін студенттер жұмыс берушілермен тілдесіп, оларға сұрақтар қойды. Шараға қатысушыларды мансаптық мүмкіндіктер, тағылымдаманы ұйымдастырудың егжей-тегжейі, сондай-ақ жұмыс берушілердің жас қызметкерлерді дамытудағы пайымы қызықтырды.

Ұйымдастырушылар шараны тек онлайн қатысқандар үшін ғана емес, сонымен қатар барлық ниет танытушылардың тамашалау мүмкіндігін қарастырды. Осылайша кез-келген адам ашық сілтемелер арқылы өтіп, компаниялардың қызметімен және олар ұсынатын мансаптық мүмкіндіктермен таныса алады: A хабар тарату – https://youtu.be/4l_NQ4A4br4 және B хабар тарату — https://youtu.be/Y6Sz_vYwpes.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың көктемінде «Болашақ» стипендиаттарының қауымдастығы мен «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бос орындар жәрмеңкесі осы серіктестікті дамыту аясында ұйымдастырылды.