Баспасөз орталығы

Жас мамандардың үшінші легі «Жас Өркен» бағдарламасын сәтті еңсерді

Жаңалықтар 11 Мая 2021
Жас мамандардың үшінші легі «Жас Өркен» бағдарламасын сәтті еңсерді

«Самұрық-Қазына» тобының жетекші тәлімгерлерінің қолдауымен ұлттық компаниялардағы қатаң іріктеу, кәсіби сын-қатерлер, оқыту, 4 ротация – осының барлығы дарынды қазақстандық жастарды дамыту «Жас Өркен» бағдарламасында бар. 2021 жылы жобаны 2019 жылдан қатысқан 23 түлек аяқтады. Олар үшін «онлайн-кеш» өтті.

«Жас Өркен» бағдарламасы «Самұрық-Қазына» компанияларында дарынды және болашағы зор қазақстандық студенттерді іздеу, дамыту және жұмысқа орналастыру үшін әзірленген. Осылайша, қор 10-15 жылда, болашақ топ-менеджерлерді дайындайды және бүкіл Қазақстаннан жиналған жастарға армандаған мансабын құруға мүмкіндік береді.

Жас мамандар «Самұрық-Қазына» компанияларында жұмыс істей отырып, екі жылдық қарқынды оқу бағдарламасынан өтеді. Әр 5 ай сайын олар әртүрлі салаларда өндірісте тәжірибе жинау үшін, сондай-ақ Қор тобының құрылымымен және бизнес-процестерімен жақынырақ танысу үшін жұмыс істейтін жерін өзгертіп отырады. Жобаға қатысушылар кәсіби, сондай-ақ жеке және іскерлік дағдыларға, көшбасшылық көзқарасқа ие болады, сондай-ақ трансформация жағдайында компаниялардың нақты жағдайлары мен міндеттерін шешуге өз үлестерін қосады.

«Қор алдында активтердің сапасын, инвестициялық тартымдылық және қоржындық компанияларды корпоративтік басқару деңгейін арттыру мақсаты тұр. Стратегиялық міндеттерімізге қол жеткізуде адами капитал маңызды рөл атқарады. Сондықтан бүгінгі таңда еңбек жолын енді ғана бастап келе жатқан жас және талантты мамандарды тарту мәселесі біздің адами ресурстарды басқару саясатымызда басым бағыт болып табылады. «Жас Өркен 2019» қатысушыларын бағдарламаның табысты аяқталуымен құттықтаймын», – деді өз сөзінде «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

Жоба 2017 жылы басталып, содан бері әлеуметтік өрлеу құралдарының біріне айналды. Бағдарлама түлектері еліміздің түрлі салаларында жаңа буын басқарушыларының құрамын қалыптастыруда.

Түлектерді сондай-ақ Қордың Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Анар Мұхамеджанова құттықтады: «Жас өркен» адам ресурстарын басқару саласындағы үздік әлемдік тәжірибеге және заманауи тәсілдерге негізделген. Жас мамандардың дамуы, кәсіби және жеке өсуі, қызметкерлердің ынтасы және олардың компания құндылықтарына адалдығы – Қордың бизнес-стратегиясының бөлігі болып табылатын «Самұрық-Қазына» тобының HR-стратегиясының негізгі құрамдас бөлігі екенін айтқым келеді», – деп атап өтті ол.

Арнайы келген қонақ – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев жастарға жылы лебізін білдірді. Ол түлектерді өздеріне, мақсаттарына сенуге, қол жеткізген белестеріне тоқмейілсіп, тоқтап қалмауға, салмақты және әділ шешімдер қабылдауға шақырды.

Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап Қордың 80-нен астам қоржындық компаниясы және 180-нен астам тәлімгер ортақ іск жұмылдырылып, олар жас мамандардың дамуына елеулі үлес қосты. Онлайн-іс-шарада тәлімгерлер өкілдері мен өткен жылдардағы бағдарлама түлектері сөз сөйлеп, жастарға барлық бастамаларында табыс, табандылық және өз әлеуетін іске асыруды тіледі.

«Жас Өркен 2019» түлектері атынан Жазира Аманкелдина ойын өрбітті: «Жас өркенге» қатысуға өтінім беру – менің өмірімдегі ең дұрыс шешімдердің бірі болды. Бағдарлама маған төрт ірі компанияда Қордың ең үздік тәлімгерлерінен тәжірибе жинауға мүмкіндік беріп, «Жас Өркен» атты үлкен отбасы сыйлады».

Қор атынан бағдарламаны «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті жүзеге асырады. Мекеме ддиректоры Ақмарал Қадырбаева жобаны жүзеге асыруға бар күшін салғандарға алғысын білдірді.

«Жас Өркен» қатысушыларының жетістіктері мен табыстарын мақтан тұтпаған бір күн де болған жоқ. Олар Қорды трансформациялау және цифрландыру бойынша ауқымды жобаларға қатысып, өз идеяларымен, белсенді ұстанымымен және ынта-жігерімен көптеген жылдар бойы Қор компанияларының бір бөлігі болып табылатын қызметкерлерді шабыттандыруда. Біз тәлімгерлерге, әртүрлі қалалар мен өндірістерге сапарларында қатысушыларды қолдаған өткен жылдар түлектеріне, сондай-ақ жасөркендіктердің өздеріне батылдығы мен білімге ұмтылысы үшін алғыс айтамыз», - деп атап өтті спикер.