Баспасөз орталығы

Вакцинация. Қажет пе, жоқ па?

Жаңалықтар 28 Июля 2021
Вакцинация. Қажет пе, жоқ па?

Вакциналарға деген көзқарас әлемде әрқилы. Сондықтан адамдардың бұл мәселеге қатысты пікірі қызықты болып отыр.

Біздің сарапшылар ұлттық және жеке компаниялардың, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері арасында олардың коронавирусқа қарсы екпеге қатысты ойын сұрап білді. 

Ал сауалнама нәтижесін бұған дейін де біздің клиенттер үшін қызметкерлерді үнемі зерттеп отыруға ден қойған HR-консалтинг департаментінің мамандары талдады.

Сауалнамаға кім қатысты?

Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 64%-ы әйелдер болса, 36%-ы – ерлер.

Жас шамасына келер болсақ, қатысушылардың 40%-ы 35-тен 44 жасқа дейінгі топты, 24%-ы 26-дан 34 жасқа дейінгі және 45-тен 54 жасқа дейінгі қызметкерлерді құрайды. 9%-ын 55 жастан басталатын респонденттер түзуде. Ең жас топ (26 жасқа дейін) азшылықта ұсынылған – 3%.

Үйде немесе кеңседе

Жыл басынан бері қызметкерлердің 36%-ы кеңседе жұмыс істеген. Дәл осындай адам саны аралас сипатта – үй мен кеңседе бірдей қызмет атқарған. Қызметкерлердің төрттен бірі қашықтан еңбек ету тәртібінде қалуда.

Вакцинация

Сонымен, сауалнамаға қатысқан ерікті респонденттер арасында:

38%-ы екі компонентті де алса, 12%-ы біреуін алып үлгерген. Ал сұралғандардың жартысы әлі егілмеген.

Вакцинацияланбаған респонденттердің 30%-ы вакцинаны алуды жоспарлап отырса, 70%-ында ондай ой жоқ.

Вакцинаны қабылдаған әйелдер ерлерге қарағанда 9%-ға көп. Жас бойынша топтар арасында айырмашылық қатты емес – бірдей дерлік.

Не үшін екпе салдыру керек?

Вакцинаны алуға түрткі болған негізгі себептер:

• 78% - өзі бен жақындары үшін алаңдаушылық, індетті жұқтырудан сақтану;

• 51% - қоғамдық орындарға бару, саяхаттау мүмкіндігі;

• 19% - жұмыс берушінің міндетті шарты.

Қатысушылардың басқа жауаптары: «ауруды тасымалдаушы болғым келмейді, вирустың таралуын азайтуды қалаймын», «ауру қаупін ескере отырып, саналы, байыпты шешім қабылдау», «тексеру үшін».

Қарсы тараптың уәжі

Сауалнамаға қатысушылардың вакцина салғысы келмейтіндігінің басты себебі - сенімсіздік, денсаулыққа қауіпті санауы (53%). Сондай-ақ респонденттер вакцина кепілдік бермейтінін атап өтті. Қалған себептер:

• 28% - созылмалы аурулар;

• 25% - барлық екпеге теріс көзқарас;

• 21% - антиденелердің болуы;

• 18% - аллергия;

• 11% - ауру күшті иммунитеттен аса алмайды деген сенім.

Сонымен қатар, адамдар басқа жауаптарды да айтты, бірақ олардың үлесі өте аз. Ол нұсқалар мынадай: «бала емізетін ана/жүктілікті жоспарлау», «қалыптасқан тәртіптен ауытқуды ұнатпау (вакциналар арасындағы уақытты көбейту)», «вирус туралы толық ақпарат ашылмаған», «мемлекеттің өз азаматтарына тым қатты қамқорлық жасап кетуі, ұтыс ойнатылып жатыр», «мен бір жыл бұрын коронавируспен ауырдым, соның салдарынан қорқамын».

Жұмыс берушілер қалай ынталандырады?

•  Респонденттердің 77%-ы жұмыс берушілер жалақыны сақтай отырып, демалыс, демалысқа қосымша күндер беру, бос уақытты төлеу арқылы оларды ынталандыруға тырысады дейді.

•  32%-ы олардың компанияларында белсенді ақпараттық жұмыс жүріп жатыр дегенді айтады;

•  22% - сыйлықақылар, бонустар төленуде;

•  6% - шипажайлық жолдамаларды ұсыну кезіндегі басымдық және 5%-ы  лотерея, ақшалай немесе басқа да бағалы сыйлықтармен конкурстар өткізу.

Негізгі тұжырымдар

Біздің сарапшылар сауалнама нәтижесіне негізделген негізгі қорытындыларды анықтады:

•  қазақстандық қызметкерлердің жартысы толық немесе ішінара егілген;

•  вакцинацияның негізгі себептері - өзінің және жақындарының денсаулығы алаңдаушылық, сондай-ақ қоғамдық орындарға бару және саяхаттау арқылы әдеттегі карантинге дейінгі тәртіпке оралуға деген ұмтылыс;

•  вакцинацияланбаған қызметкерлердің 30%-ы вакцина салуды жоспарлап отыр, ал 70%-ы жоқ;

• вакцинаны алуға құлықсыздықтың негізгі себебі - оның қауіпсіздігі тұрғысынан сенімнің болмауы;

•  жұмыс берушілердің 50%-ы қызметкерлерді жаппай вакцинациялау бойынша ынталандыру бағдарламаларын қолданады. Ең көп таралған әдіс - жалақыны сақтай отырып демалыс беру.

HR-консалтинг департаментінің мамандары өзекті тақырыптар бойынша үнемі зерттеу жүргізеді. Көпжылдық сараптама экономиканың түрлі салаларындағы компаниялар ұжымдарының қатысуы мен басқа да HR-көрсеткіштерді егжей-тегжейлі талдауға және бағалауға мүмкіндік береді. Осы және басқа да зерттеулердің нәтижелерін біздің сайтымыздан және «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің әлеуметтік желілерінен қарап отырыңыздар.